06 қар, 2021 сағат 11:35

Қазақстанның даму әлеуетінің мүмкіндігі жоғары - ЕО


Еуропалық одақтың Орталық Азияға бағыттайтын инвестициясы арта түседі. Бұл туралы Бішкекте «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумынан кейін Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Орталық Азиядағы ең үлкен экономика екені белгілі. Осы орайда экономикалық даму деңгейі, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша өңірдегі экономикалық ең дамыған ел болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта да Қазақстан үшін даму әлеуетінің мүмкіндігі жоғары. Бұл тұрғыда Еуропалық одақ тарапынан тиісті қолдау жасауға дайынбыз», - деді Валдис Домбровскис тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар ол 2023 жылы «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумының Қазақстанда өтуі бастамасын қолдайтынын жеткізді. 

«Еуропалық одақтың Орталық Азияға бағыттайтын инвестициясы арта түседі. Біз энергетика, көлік желісі бойынша жұмыстарды жалғастырмақпыз, сондай-ақ жеке жобалар да баршылық. Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминмен кездескенде түрлі салалардағы ынтымақтастықты талқыладық. Біздің елдер арасындағы сауда әрі инвестициялық ағындар өзгеретіні анық», - деді Валдис Домбровскис. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 5 қарашада Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы өтті.