© Photo : Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатты дауыл салдарынан зардап шеккен кейбір аудандарда төтенше жағдай енгізілетінін мәлімдеді.
Ал тұрғындарға өтемақы төленетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Дауылды жел барлық 9 аймақ арқылы өткен. Қазір көптеген өңірлерде аудандық деңгейде төтенше жағдайлар режимі жарияланатын болады. Сөйтіп, жергілікті бюджеттен бұзылған инфрқұрылым мен сынған шатырларды қалпына келтіруге ақша бөлінеді", - деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, бүгінде республикалық және жергілікті деңгейде төтенше жағдайлар резервтері бар. Соның есебінен зардап шеккен адамдарға өтемақы төленеді.
"Жергілікті бюджетте ақша жетпей жатса, республикалық бюджеттен төленеді. Ал көлік құралдары бойынша міндетті сақтандыру бар. Егер келісімде төтенше жағдайдан сақтандыру мәселесі қарастырылса, сақтандыру компаниясы біртендеп өтемақысын төлейді", - деп атап көрсетті Ильин.
Айта кетері, 29-30 наурыз күндері республиканың 7 облысы мен 2 қаласында екпінді желдің салдарынан инфрақұрылым нысандарына зақым келген.
Соңғы мәліметке сәйкес, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйлер, жергілікті билік органдары, құқық қорғау органдары, сауда , әкімшілік және басқа да нысандарда 297 шатыр бұзылды.
Төтенше жағдай кезінде 8 адам, соның ішінде 3 бала зардап шекті. Төртеуі ауруханаға жатқызылды, қалғандары тексеруден өтіп, үйге жіберілді.
Бұдан бөлек, 8 облыстың 289 елді мекенінде жарық өшіп қалды. Бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша 275 елді мекенде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.
Республиканың үш облысындағы 14 елді мекенде 12 709 абонент әлі де жарықсыз отыр.
Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында төтенше жағдайды жою жөніндегі штаб құрылды.