ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, 2020 жылы қазақстандықтар 93 мың жаңа автокөлік сатып алды.
Автоөнеркәсіп саласының Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 612,8 млрд теңгеге дейін өсті. Осы орайда жаңа автомобильдер нарығы 24 пайызға артты.
Белгілі болғандай, Қазақстанда сатылған әрбір үш автомобильдің екеуі өз елімізде жасалған. Пандемияға байланысты туындаған барлық қиындықтарға қарамастан, 2020 жылы Қазақстанда өсім тоқтаған жоқ және ол әлемдегі ең жақсы көрсеткіштердің бірі болды. Қазақстан АвтоБизнес Қауымдастығының (ҚАБҚ) мәліметінше, 2020 жылы ресми дилерлер 972 млрд теңгеге 92 989 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатқан. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 24 пайызға көп.
«Бұл жыл автоөндірушілер мен мемлекеттің саланы дамытудағы ұзақ мерзімді мүдделілігін тағы бір мәрте растады. Үкімет пен автоөнеркәсіптің үйлесімді жұмысының арқасында инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, сыртқы нарықтарға бағытталған экспортты орнықты дамытуға мүмкіндік берді. Машина жасау саласы ақшалай алғанда, өткен жылмен салыстырғанда 31,7 пайыздан астам тұрақты өсім көрсетті. Өсім негізінен автокөлік құралдарын, трейлерлер және жартылай тіркемелер шығару, өзге де көлік құралдары, электр жабдықтары, машиналар мен қондырғылар өндірісін арттыру есебінен болды. 2020 жылы автомобиль жасау саласында өнеркәсіптік өндіріс индексі 2019 жылмен салыстырғанда 152,5 пайызды құрады», - делінген ҚР ИИДМ мәліметінде.
2020 жылдың он екі айында Қазақстанда 77 431 көлік құралы шығарылып, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіштен 53,2% асты. Автомобиль жасау саласы қызметінің жиынтық нәтижесі ақшалай алғанда арғы жылдың сәйкес көрсеткішінен 70,4 пайыз (612,8 млрд теңге) көп болды.
Жеңіл автомобильдер өндірісі 47 пайызға артып, 64 790-ға жетті. Жүк техникаларын шығару көлемі екі есе өсіп, 8 240-қа, ал автобустар өндірісі 66 пайызға (1 801 көлік) артты. Тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі де екі есеге (2 196) өсті.
2020 жылдың басты оқиғалары ретінде Қазақстанда жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарының іске қосылуын айтуға болады. Былтыр Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында Chevrolet автомобильдерін шығару жолға қойылып, қысқа уақыт ішінде еліміздегі ең жоғары өсім көрсетті және 2020 жылғы Қазақстандағы ең танымал брендтер қатарына енді. Сәуір айында Алматыда Hyundai жеңіл автокөліктері, ал желтоқсанда Қарағанды облысында Yutong автобустары шығарыла бастады.
Жалпы 2020 жылы 22 136 Hyundai (+39%) автокөлігі, 19 434 Chevrolet және Ravon (+217%),15 848 Lada (+8%) автомобилі өндірілді. Сондай-ақ Kia (4 863 көлік) мен JAC (4 173) алғашқы бестікке енді.
Әрбір оныншы автомобиль – экспортқа
Зауыттардың экспортқа бағыт ұстауы жасалатын техниканың жоғары сапасын және шетел клиенттері тарапынан сенім бар екенін көрсетеді.
2020 жылы Қазақстан жақын шетелдерге 8 122 автомобиль экспорттады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен (2 629 көлік) 3 есе көп. Жалпы өткен жылы 55,9 млрд теңгеге елімізде өндірілген барлық техниканың 10 пайыздан астамы экспортқа шығарылды.
Hyundai, Chevrolet және JAC көліктеріне Ресейде, Өзбекстанда, Беларусьте және Қырғызстанда сұраныс жоғары.
Қазақстанда сатылған ең танымал автомобильдер
2020 жылы төртінші тоқсанда көліктер ең көп сатылған кезең болды. Жылдың соңғы айларында 29 465 автокөлік сатылды және олардың басым бөлігі Hyundai және Chevrolet үлесіне тиесілі.
Жалпы жыл қорытындысында Hyundai көш бастап келеді. Дилерлер 17 856 автомобиль сатты (өткен жылдың нәтижелеріне +20%). Lada әзірге екінші орында тұр - өткен жылы 17 453-і (+14%) сатылды. Елге импортталатын автомобильдердің ішінде көшбасшысы – Toyota. Жапон маркасының дилерлері Қазақстанда 10 081 автомобиль (-29%) сатты және Бішкекте 596 көлік (+86%) сатты. Наурыз айында басталған Chevrolet сатылымы жоғары қарқынмен артып келеді, 2020 жылдың 9 айында 10 029 автомобиль өткізілді (+1097%).
Ravon бесінші орында, былтыр бұл брендтің 7 137 седаны сатылған. Алтыншы орында Kia - 6 004 авто (+60%). Renault өткізілген 2 599 көлікпен(+0,2%) жетінші орында тұр. Көрсеткіштері өткен жылмен бірдей. Сегізінші орында JAC - 2 519 (+80%).
2020 жылы ең көп сатылған көліктердің алғашқы ондығын: Nissan (2 438 көлік; +3%) және Volkswagen (2 427 көлік; +44%) түйіндеді.
2020 жылы Қазақстандағы премиум-сегмент
Бұл сегментте «Лексус» маркасы тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. Сатылымның 40 пайыздан астамы осы брендке тиесілі. Ресми дилерлердің автосалондары «Лексустың» 1 298-ін сатқан. Екінші орында BMW - 686 автокөлік (-13%). Land Rover дилерлері 247 кроссовер мен жол талғамайтын көлікті өткізді (+15%).
Сонымен қатар бұл тізімде, Infiniti (234 көлік; + 48%), Mercedes-Benz (201; + 14%) ,Porsche (116; + 57% ) ,Cadillac (111; + 1%), Audi (81; + 21% ) ,Volvo (50 ; -19%) және Jaguar (35; -35%) көліктері бар.
Ең танымал модельдер: Lexus RX (563 көлік), Lexus LX (305) және BMW X7 (229).
ҚАБҚ деректері бойынша, 2020 жылы автосалондарда премиум автомобильдерін сату 2 пайызға (2019 жылы 3114 көлік болса, 2020 жылы - 3073) төмендеді. Ақшалай алғанда сатылым 26 пайызға, 102,6 млрд теңгеге дейін өсті. Сегменттегі жаңа автомобильдің орташа құны - 33 384 763 теңге.
Тіркеу көрсеткіштері аздап төмендеді
COVID-19 пандемиясына және еліміздің қалалары мен өңірлерде енгізілген карантинге байланысты мамандандырылған ХҚКО-лар 2020 жылғы сәуірде өз қызметін тоқтата тұруға немесе шектеуге мәжбүр болды. Осы уақытта небәрі 3 066 көлік есепке алынды. Бұл соңғы 6 жылдағы ең төмен көрсеткіш тіркелген ай. Соған қарамастан, мамыр айында жағдай тұрақтанып, тіркеу қайтадан жанданды. Ал қыркүйек айында басқа рекорд болып, 2015-2020 жылдар кезеңіндегі ең көп көлік тіркелді - 145 154. Өткен жылдың соңына қарай арнайы ХҚКО-лар арқылы 1 226 721 көлік құралы өтті. Бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға кем.
2020 жылы қалыптасқан жағдай бизнес пен мемлекетті онлайн-сауданы белсенді енгізуге ынталандырды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен қысқа мерзімде автомобильдерді тек жеке тұлғалар арасында ғана емес, сонымен қатар дилерлік орталықтарда да онлайн тіркеуге мүмкіндік жасалды. Қызметтерді цифрландыруды одан әрі дамыту жоспарланып отыр.
2020 жылғы қаңтар-желтоқсандағы тіркелімдердің жалпы көлемі аясында бастапқы тіркеу үлесі 7,3%-дан 11%-ға дейін өсті. Қазақстанда алғаш рет 135 101 көлік құралы есепке қойылды. Оның ішінде Армениядан әкелінген автомобильдерді тіркеу, коммерциялық техникалар мен тіркемелер бар.
Өткен жылдардағыдай, 2020 жыл қорытындысында қазақстандықтар ҚР ІІМ органдарында Toyota (189 815 бірлік), Lada (165 873 бірлік), Mercedes-Benz (82 449 бірлік), Volkswagen (80 802 бірлік) автомобильдерін ресімдеді. Әр жылдары шығарылған Audi (58 289 бірлік) көлігін алтыншы орынға ығыстырған Hyundai (61 407 бірлік) автомобильдері бесінші орынға көтерілді.
2021 жылы 120 мыңдай жаңа автокөлік сатылуы мүмкін
Нарық пен саланың даму перспективаларын талдай отырып, биыл нарықтағы жергілікті автомобильдердің үлесін арттыру тренді сақталады деуге болады. Сонымен қатар, автоөнеркәсіп өндірістік қуатын кеңейтіп, шығарылатын өнімнің экспорты мен локализациясын арттыруды жалғастырады.
ҚАБҚ болжамы бойынша 2021 жылы 100-120 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылуы мүмкін.