30 қар, 2021 сағат 12:18

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері қай елдерге экспортталады?


Ағымдағы жылдың 9 айында экспорт 950,5 млн долларды құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың 9 айында экспорт 950,5 млн долларды құрады. Экспорт көлемінің өсімі 2,4%-ға жетті. Сүт өнімдері бойынша 2%-ға, макарон өнімдері бойынша 37,4%-ға, күнбағыс майы бойынша 11,7%-ға ұлғаю байқалды. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді біз өндіріс көлемін ұлғайту және экспорт үшін кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін екі еселеуге тиіспіз», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында. 

Экспорттың негізгі бағыттары – бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің (Өзбекстан, Тәжікстан), Ауғанстанның, сондай-ақ Еуропа елдерінің (Германия, Италия) дәстүрлі өткізу нарықтары.

«Ұлттық жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына инвестициялар тартуды ынталандыру үшін шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидиялар, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің лизингі мен кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелері, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары сақталды. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 700 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл қосымша 7 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді», - деді министр.