© Sputnik / Болат Шайхинов
Сыртқы істер министрлігі және еліміздің Украина, Польша, Молдова, Беларусь пен Ресейдегі дипломатиялық мекемелері қазақстандық азаматтарды Украинадан отанына қайтаруды ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
СІМ мәліметінше, Украина мен Польшаның мемлекеттік органдарымен жасалған уағдаластықтар аясында Қазақстанның 80 азаматы үшін визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өту қамтамасыз етілді және олар эвакуациялық рейсті күту үшін Катовице қаласында (Польша) орналастырылды.
Одан бөлек, 260 адам қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында тұр және оны өту үшін өз кезегін күтіп жатыр.
"ҚР дипөкілдіктерінің қызметкерлері Украина және Польша тараптарының шекарасында орналасқан және туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Министрлік отандастарымызды Польшаға тезірек жеткізу және әрі қарай оларды Қазақстанға апару үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Украинадағы Қазақстан азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі Елшілігінде және ҚР СІМ-де "жедел желі" ашылғанын, бұл жұмысқа Днепр, Львов, Одесса мен Харьков қалаларындағы ҚР Құрметті консулдары жұмылдырылғанын еске саламыз. Киевтегі ҚР Елшілігі күшейтілген режимде өз жұмысын жалғастырып жатыр және бүгінде дипломаттардың көмегімен Қазақстанға оралғысы келетін тұлғалардан 631 өтінім тіркеді", - делінген хабарламада.
Алғашқы репатриациялық рейс 27 ақпанда ҚР азаматтарының негізгі бөлігі Катовице қаласына келгеннен кейін жүзеге асырылады.
Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастыру жоспарланған. Осыған байланысты министрлік өкілдері Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұрады. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз күшімен баруды ұсынды.
"Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР Елшілігімен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін азаматтарымызға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан басқа ҚР СІМ "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, Украина аумағында қалған ауыр жүк тасушылардың жүргізушілері - ҚР азаматтары туралы ақпарат жинау бойынша қажетті жұмыс жүргізіп жатыр және болу орындардағы жағдайды ескере отырып, олардың шығу жолдарын пысықтап жатыр", - делінген хабарламада.
757 рет оқылды