Ауа райының қолайсыздығы салдарынан еліміздің 4 өңірінде 12 жол учаскесі жабық тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтап айтқанда, Ақмола, ШҚО, Қарағанды және Қостанай облысында бірқатар жол учаскесі әлі де жабық.
«Ауа-райы әлі де қолайсыз. Тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырамыз. Ауа-райы болжамын жіті қадағалап отыру керек. Ал егер автокөлік иегері қар құрсауында қалып қойып жатса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласу қажет екенін еске саламыз», - деп хабарлайды аталған ведомстводан.
Хабарламада айтылғандай, қазір еліміз бойынша жол қозғалысын қалпына келтіру үшін 1100 қызметкер мен 650 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
«Алдағы күндері де жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, автожолдар ахуалын қадағалайды», - делінген мәліметте.
Осы орайда ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы жабық тұрған жол учаскелері туралы ақпаратты осы сілтеме арқылы бақылауға болатынын еске салады.