Ыстамбұл әуежайында түрік тәртіп сақшылары жалған құжаттармен Қазақстаннан Иранға өткен белгілі лаңкес Серхат Өзелді ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Daily Sabah басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, лаңкес Ыстамбұлға Тегераннан келген.
"Лаңкес Иранға Қазақстан арқылы жалған жеке куәлік және төлқұжатпен өткен. Күдікті қамауға алынды", - деп жазады басылым.
Серхат Өзелдің лаңкестік топқа Германиядан 2015 жылы қосылғаны анықталды.
Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және ЕО елдерінде 40 жылдан аса лаңкестік топ деп танылған топтың 40 мыңнан аса адамның, соның ішінде әйелдер, балалар мен сәбилердің өліміне жауапты екені атап өтілді.
Ал CNN Turk арнасының хабарлауынша, "Кендал-Нуман Амед" шақыру белгісі бар террорист Серхат Өзел "жікшіл террор ұйымы PKK/KCK басшыларының бірі Дуран Калканның оң қолы".
Барлау басқармасы мен лаңкестікке қарсы бөлімшелер бірлескен операция кезінде осы ұйымның негізгі тұлғаларының бірі Түркияға Ираннан әуе арқылы кіреді деген ақпарат алған. Қауіпсіздік бөлімшелері лаңкестің ізіне түсіп, ПКК мүшесінің алдымен Астанаға жіберілгенін анықтаған.
PKK/KCK - Күрдістан жұмысшы партиясы, бірнеше елдерде террористік ұйым ретінде танылған. Ол негізінен, этникалық күрдтер тұратын Түркияның оңтүстік-шығысының тәуелсіздігін жақтайды.