07 шіл, 2022 сағат 19:44

Қазақстаннан бидай мен бидай ұнын сыртқа әкетуге шектеулер енгізіледі


2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағынан бидай мен меслинді, бидай және қара бидай ұнын әкетуге квоталар енгізіліп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2022 жылғы 5 шілдедегі бұйрығымен ел аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 550 000 тонна көлемінде бидай мен меслинді (СЭҚ ТН коды – 1001) және 370 000 тонна көлемінде бидай және қара бидай ұнын (СЭҚ ТН коды - 110100) әкетуге сандық шектеулер (квоталар) енгізіледі. Шектеулер 2022 жылғы 8 шілдеден бастап 30 қыркүйекке дейін күшінде болмақ», - деп жазды ведомство. 

Бидай мен меслинді, бидай және қара бидай ұнын әкетуге сандық шектеулер ел ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. 

Бұл ретте бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін ҚР және ЕАЭО кедендік заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімі бойынша орналастырылған және шығарылған тауарлар Қазақстан Республикасының аумағынан кедергісіз әкетуге жатады.