24 мам, 2022 сағат 13:10

Қазақстаннан 670 мың доллар алып шыққысы келгендер анықталды


Наурыз бен сәуірде Қазақстаннан 700 мың доллар көлеміндегі қаржыны экспорттауға тырысқандар анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Наурыз бен сәуірде Қазақстаннан кедендік шекара арқылы жалпы сомасы 671 000 доллар қолма-қол ақшаны заңсыз әкетуге қатысты 40 жағдай анықталды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, шетел валютасын әкетуге тыйым салынған соң кедендік шекара арқылы жалпы сомасы 280 мың доллар қолма-қол ақшаны әкетуге қатысты 21 жағдай анықталған.

Барлық дерек Нұр-Сұлтан мен Алматының халықаралық әуежайларындағы кеден бекеттерінде тіркелген. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске салайық, наурыздың ортасында Мемлекет басшысы "Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойған болатын.