15 нау, 2022 сағат 11:01

Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант әкелуге мүмкіндік бар – Ербол Қарашөкеев


Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант әкелуге мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлім етті. 

Жиын барысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде қантқа сұраныстың артып кетуіне байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірге апта сайын ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуін талдауды жүргізіп отырмыз. Ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Бүгінгі таңда шамамен 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналды. Ол қор күн сайын толықтырылып отыр. Атап айтсақ, 144 мың тонна ұн, 40 мың тоннадай күріш жиналған. 21,5 мың тонна макарон өнімдері және шамамен 900 мың тоннадай көкөніс өнімдері қоймада жиналып тұр. Азық-түлік қорлары күн сайын жаңартылуда, оны даярлауға қажет шикізат та жеткілікті. Сол себепті ахуал тұрақты. Өзімізге, елге жететіндей әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің көлемі жеткілікті», - деген министр қоймалардағы қант көлемі туралы нақты ақпарат берді.

«Қазіргі таңда бізде 90 мың тоннадай қант бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар. Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Одан басқа Қазақстан Республикасының 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелуге құқығы бар. Ол квоталар қазір бөлініп жатыр. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіне қатысушылар осы қантты әкелу жұмыстарын бастап кетті. Жақын арада әкеле бастайды», - деді Ербол Қарашөкеев.