10 нау, 2022 сағат 14:10

Қазақстанға ресейлік кадрлар ағыла ма - Министр жауабы


Қазақстан нарығына ресейлік кадрлардың жаппай келуі байқалмайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Қазіргі уақытта жіті бақылап отырмыз. Бүгінде ресейлік азаматтардың бізге жұмыс істеуге жаппай келуі байқалмайды», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Сонымен қатар министр мамандардың жаппай келуі анықталған жағдайда Қазақстан қандай іс-шара қолға алатынын айтты. 

«Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан бір экономикалық одаққа кіреді. Сондықтан еңбек ресурстары еш кедергісіз ауыса алады. Бұл - біртұтас еңбек нарығы. Қазір де, осы уақытқа дейін де олар бізге жұмыс істеуге емін-еркін келе алды. Еңбек күші жаппай келсе біз не істей аламыз? Қабылдайтын іс-шарамыз – бұл жұмыс орындарын мониторингілеу. Яғни, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы ең алдымен, өзіміздің азаматтарды жұмысқа орналастырамыз», - деді Серік Шәпкенов. 

Министр ең алдымен болашақта қажет болатын мамандықтарды айқындап алу қажеттігіне назар аудартты. 

«Біз жастардың 40 пайызына сауалнама жүргіздік және олар өздерінің мамандықтарын таңдамаған болып шықты. Ресейдің немесе Беларусьтың кез келген азаматы бізге жұмыс істеуге келе алады. Сол сияқты біздің азаматтардың жұмыс істеуге бару мүмкіндігі бар», - деді ол.