Дүниежүзілік банктің вице-президенті, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың бас хатшысы Мэг Киннер Қазақстан Үкіметінің үстінен қозғалатын инвестициялық даулар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап инвестициялық даулардың саны күрт өсіп кетті. Өсім бүкіл әлем бойынша байқалған. Соңғы жылдары инвестициялық даулармен бірге инвестицияның көлемі де артқанын көруге болады. Яғни, даудың көбейгеніне қарамастан, инвестициялық келісімдердің саны азайған жоқ», - деді сарапшы «Дауларды шешу және алдын алу тетіктерін жетілдіру» атты халықаралық вебинарда.
Мэг Киннердің айтуынша, Қазақстан Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) 1993 жылы мүше болып кірген.
Содан бері біздің мемлекеттің қатысуымен 19 іс қаралған.
«ICSID статистикасы бойынша инвестициялық даулардың 20 пайызы Орталық Азия елдеріне қатысты тіркеледі. Оның көбі, мұнай-газ, көмірсутек секторымен байланысты. Оңтүстік Америкаға – 35 пайызы, Шығыс Еуропаға –13 пайызы келеді. Жалпы бүкіл инвестициялық даулардың 30 пайызы газ бен мұнай өндірісіне қатысты. Одан кейінгі орында 20 пайызбен электр энергиясының нарығы тұр», - дейді халықаралық орталықтың бас хатшысы.
ICSID өкілі Қазақстанның аты аталатын дауларда тек ел билігіне қатысты шағымдар ғана қаралмайтынын ескертті.
Яғни, қазақстандық инвесторлардың өзге елдердің үстінен шағымданған кездері де болған.
«Сіздерге Қазақстанмен қатысты инвестициялық даулар тым көп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өзге елдерде одан да көп. Дәл қазір Қазақстанмен байланысты 19 іс бар. Соның екеуі төрелік шешім шыққанын күтпестен, алдын ала аяқталған. Істердің шешімін табуы туралы айтсақ, теңгерімді көрініс бар деуге болады. Салаларға келсек, мұнай-газ өндіру және энергетика саласына бүкіл даулардың 16 пайызы тиесілі. Яғни, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіру керек. Аталған салалардағы юрисдикцияны бекемдеу үшін негізгі күшті осы жағына салу керек шығар», - деді Дүниежүзілік банк өкілі.