20 сәу, 2022 сағат 14:55

Қазақстанға келетін ресейліктер саны екі есе көбейді - ҰҚК

Фото: ©РИА Новости

Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі 2021 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, ақпан-сәуір аралығында Қазақстанға 128 мыңнан астам ресейлік келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Биыл ақпан-сәуір аралығында Қазақстанға 128 мыңнан астам Ресей азаматы және 3 074 Украина азаматы келген. 2021 жылдың осы кезеңінде Қазақстанға 58 мыңнан астам Ресей азаматы және 2 617 Украина азаматы келген. Деректер 2021 жылмен салыстырғанда Ресейден келетін азаматтар ағыны екі есеге, ал Украинадан 15 пайызға артқанын көрсетеді", - деді ведомство редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Бұған дейін 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 16 837 Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алғаны хабарланған болатын. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, ең көп ресейліктер Қызылорда облысына - 2463, Алматыға - 2116, БҚО - 1677, Қостанай облысына - 1525 келген.