Қазақстандағы ұн өндірушілер "1-1,5 аптаға жететіндей ғана" бидай қоры қалғанын, одан кейін диірменді тоқтатуға мәжбүр болатынын айтып дабыл қақты. Бұл жөнінде Қазақстанның астық өңдеушілер одағы хабарлады, деп жазады Азаттық.
Одақтың мәліметіне қарағанда, қазір бидайдың бір тоннасы 160 мың теңгеге дейін қымбаттаған, бірақ мұндай бағадағы бидайдың өзін табу қиын. Соның салдарынан Қостанай облысында диірмендердің – жартысынан астамы, Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатқан. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда да диірмендердің басым бөлігі жұмыс істемей тұр.
"Біз, диірменшілер, екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай жатырмыз, ұсыныс жоқ.... Ұн қатты қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес, себебі біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85 пайызы шикізатқа байланысты" деді Астық өңдеушілер одағының вице-президенті Талғатбек Әлихан. Оның сөзінен eldala.kz сайты үзінді келтіреді.
Ресейдің бидай экспортын толық тоқтатқанын алға тартқан диірменшілер Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінен бидай экспортын тоқтатып, барлық қорға инвентаризация жүргізуді талап етіп отыр.
Астық өңдеушілердің айтуынша, үкімет бидай тасымалдауға квота берумен қатар ұн тасымалдауды шектей бастаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, астық нарығындағы негізгі екі ойыншы Ресей мен Украина нарықтан уақытша кетіп, көрші нарықтарда сұраныс артқандықтан бидай мен ұн тасымалдауда "ажиотаж" туындамас үшін осындай шаралар қабылданған.
– Бізге Түркия, Пәкістаннан импортерлер келіп жатыр. Әдетте арпа сатып алатын Иран 2 млн тоннаға дейін бидай сатып алатынын мәлімдеді. Осындай шақта кәсіпкерлер өнімді қымбатырақ сатуды көбірек ойлайды, азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықты толтыру мәселесін соңында ғана еске алады, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов "Атамекен" палатасының отырысында.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 наурыз күнгі жағдай бойынша Қазақстанда 5,9 млн тонна бидай болған. Алайда диірменшілер бұл мәліметке күмән келтіреді. Олардың айтуынша, бұл дерек өздері жүргізген сауалнамадан алынған мәліметпен мүлде сәйкес келмейді.