03 жел, 2020 сағат 07:55

Қазақстанға Армениядан жеткізілген 16,7 мың көлік тіркеуге қойылды

2020 жылдың 11 айында Қазақстанда жаңадан тіркелген көліктердің саны 37,6 пайызға артты. Мұндай мәліметті «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы ұсынып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Одақ мәліметінше, есепті кезең ішінде әкімшілік полиция органдары 1 224 753 автокөлік құралын тіркеуге қойды. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 10,1 пайызға аз. 1 096 350 техниканың иесі ауысуына байланысты қайта тіркеуге алынып отыр. Бұл, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13,7 пайызға (1 269 677) кем. Ал алғаш рет тіркелген көліктердің саны 128 403 техниканы құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 37,6 пайызға көп болды. Оның ішінде биыл алғаш рет тіркеуге алынған Армениядан жеткізілген 16 747 жеңіл көлік бар. 

2020 жылдың қараша айының қорытындысында тіркеуге қойылған автокөліктердің саны 140 120 техника болды. Бұл да өткен жылғы нәтижеден 7,7 пайызға артық. Оның ішінде қайталама нарықта 125 844 көлік сатылды. Осы жылдың қазанымен салыстырғанда қарашада тіркелген көліктер саны 9,3 пайызға кеміді. 

2020 жылдың 11 айында Қазақстан аумағында электр энергиясымен жүретін 54 жеңіл көлік алғаш рет тіркеліп отыр. Өткен жылы мұндай 29 автомобиль тіркелген болатын. 

Осы жылдың 11 айында қайтадан тіркеуге алынған көлік құралдарының үштен екісі осыдан кемінде 10 жыл бұрын құралған техниканы құрайды. Оның ішінде шығарылғанына 20 жылдан асып кеткен 452 036, 11-20 жыл болған 283 575, 4-7 жыл болған 188 961, 8-10 жыл болған 108 584, 1-3 жыл болған 53 487, 1жыл да болмаған 9 707 көлік бар. 

Биылғы 11 айда қайта есепке алынған ең көп авто Алматы облысында (167 872), Алматы қаласында (143 801) және Түркістан облысында (100 130) тіркелген. Бұған қоса, Алматы облысы тұрғындары қайта тіркеген 94 376 көлік құралының шығарылғанына 20 жылдан асып кеткен. Осы критерий бойынша екінші сатыда тұрған Түркістан облысында мұндай 45 696, ал Жамбыл облысында 42 187 көлік тіркеуге алынған. Ал шығарылғанында 1-3 жыл аралығындағы көліктердің қайта тіркеуге алынуы Алматы қаласында (10 940), Нұр-Сұлтанда (8 423) және Шымкентте (5 351) жоғары болып тұр.