30 нау, 2022 сағат 13:16

Қазақстандықтарға рубльмен аударылатын ақша көлемі азаюда


Қазақстанға қаржылай аударым жүйесі арқылы шетелден жіберілген ақша көлемі айтарлықтай азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Осы жылдың қаңтар айында елімізге шет мемлекеттерден жіберілген қаражат көлемі 13,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылғы кезеңмен салыстырғанда 30,5 % аз. Бұл көрсеткіш үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді. 

Қазақстанға ақша аударым жүйесі арқылы шетелден жөнелтілген қаржының үштен екісі АҚШ долларымен жүзеге асқан. Мәселен, биылғы қаңтарда бұл сан 63,9 % құраған. Одан кейін ұлттық валюта тұр — теңге аударымдарының жалпы көлемі 25 % жетіп жығылады. Рубльмен аударылған қаражаттың үлесі осымен төртінші жыл қатарынан қысқаруда. 2022 жылдың қаңтарында ол 6,1 % құрады. Еуроның үлесі - 4,9 %.

Америка валютасымен алынған бір аударымның орташа чегі бір жыл ішінде 780 доллардан 758 долларға дейін төмендеді. Теңгемен бір аударымның орташа чегі, керісінше, 127,7 мыңнан 190,9 мың теңгеге дейін ұлғайды. Ресей валютасындағы бір аударымның орташа чегі де өскен – 22,5 мыңнан 23,6 мың рубльге дейін. Еуровалютадағы бір аударымның орташа чегі 436-дан 400 еуроға дейін кеміген.

2022 жылғы қаңтарда жүзеге асырылған ақшалай аударымның ең үлкен көлемі Өзбекстаннан жөнелтілді – 2,5 млрд теңге. Одан кейін Оңтүстік Кореядан – 2,1 млрд теңге, АҚШ-тан 1,9 млрд теңге түскен. Бұған дейін көшбасшы болған Ресей жыл басында небәрі 1,6 млрд теңге аударым көлемімен төртінші орынға орналасты.