ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі пысықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске ҚР ИИДМ вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев, Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров және жергілікті атқарушы органдар мен көмір өндіруші кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмір қажеттілігінің 2022-2023 жылдарға арналған жоспары қалыптастырылды. Оған сәйкес көмірді жалпы тұтыну көлемі шамамен 9,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,8 млн тонна қарастырылса, 6,7 млн тонна көмір халыққа арналған" - делінген хабарламада.
«Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын министрлік 2022 жылдың наурыз айынан бастады. Ал жергілікті атқарушы органдарға 15 шілдеден көмір дайындау жұмыстарын бастау ұсынылды. Сондай-ақ алдағы қысқы маусымда көмір тапшылығын алдын алу мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Аталған карта Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жолданды», – деп атап өтті ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.
Жиынды қорытындылаған Қайырбек Өскенбаев жауапты тұлғаларға жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.