23 мам, 2022 сағат 13:12

Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды

коллаж: Tengrinews.kz

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың төлқұжатында неге электрон чип жүргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Instagram-да чиптелген төлқұжаттың видеосы тараған еді. Соған байланысты көші-қон қызметі түсінік берді. 

"Электрон төлқұжат әлемнің көп елінде енгізілген. Қазақстанда микросхемасы бар төлқұжаттар, сондай-ақ жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады. Чип адам туралы жеке деректерді сақтауға арналады және жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік береді", - деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.

Ішкі істер министрлігі чипі бар төлқұжат электродты жүйелер арқылы басқа елдердегі шекара өткізу пункттерінен және паспорттық-визалық бақылаудан жеңіл өту үшін енгізілгенін айтты.

"Төлқұжаттардағы чиптер шекарадан өткен кезде тек арнайы оқу құрылғыларымен өзара әрекеттеседі", - деп толықтырды департамент өкілдері.

Еске салайық, Қазнет қолданушылары чиптелген төлқұжатты талқылаған болатын. Видео кейіпкерлері төлқұжатты ашып, ішінен чипке ұқсас құрылғыны табады. Авторлар бұл микросхема шетелде жүрген қазақстандықтарды бақылауға арналғанын айтады.