Заңда белгіленген шекке сай, қазақстандықтардың иелігіндегі шоттардың 100%-ы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігінде тұр. Бұл ретте қазақстандық банктердегі депозиттік шоттардың 99,8%-ы толық көлемде кепілдікпен қорғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылы қаңтарда теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ бір банкте жинақ салымынан басқа депозиттердің немесе шетел валютасында депозитінің басқа түрі бар салымшыларға өтемақының жалпы сомасы 20 млн теңгеге дейін көбейтілді.
Теңгелік депозиттердің анағұрлым икемді түрлері, атап айтқанда, мерзімді және мерзімсіз салымдар, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар, сондай-ақ шартты салымдар мен талап етілмелі салымдар бойынша 10 млн теңгеге дейін кепілдік берілген», - деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
Шетел валютасындағы депозиттердің кез келген түрі бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы – валюта баламасында 5 млн теңге.
Бірнеше банкте орналасқан депозиттер жеке-жеке кепілдендіріледі. Бір банкте депозиттердің бірнеше түрі мен валютасы бар, соның ішінде теңгедегі жинақ салымы бар ірі салымшылар үшін Қордың жалпы ең жоғары кепілдігі (депозиттің әрбір түрі үшін жеке белгіленген кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшері шегінде) 20 млн теңге», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта екі ислам банкін есептемегенде, еліміздің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қазақстандық екінші деңгейлі 20 банк кіреді.
ҚДКБҚ өтем төлеу үшін арнайы резервін үнемі толықтырып отырады және кез келген сәтте өзіне міндеттемелер қабылдауға дайын. Бүгінде ҚДКБҚ-ның арнайы резервінде оның жарғылық капиталының 70%-ын қоса есептегенде (ол өтем төлеуге пайдаланылуы мүмкін) 856 миллиард теңге жинақталған. Жинақталған резервтің көлемі жеке тұлғалардың депозиттік базасының шамамен 7%-ын құрайды. Бұл заңнамада көзделген 5%-дық деңгейден жоғары.
Осылайша қазақстандықтардың жинақ ақшалары заңнамада белгіленген кепілдік берілген өтем сомасы деңгейінде толық қорғалған.
Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы толық ақпаратты ҚДКБҚ-ның kdif.kz сайтынан және байланыс орталығының 1460 (қоңырау шалу тегін) қысқа нөмірінен алуға болады.