Қазақстан қоғамының бюджетті жоспарлауға қатысуы төмен. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бюджет ашықтығына қатысты халықаралық индекс бойынша жұмысымызды үш бағытта жүргіземіз. Біріншісі - бұл бюджет ашықтығы. Түрлі алаңдарға бюджеттің орындалуы, бюджетті жоспарлау туралы есептік ақпараттарды орналастырып отырамыз», - деді ол IX Азаматтық форум барысында.
Осы ретте вице-министр қоғамның бюджетті жоспарлауға қатысуына қатысты жеке бағыттың бар екендігін атап өтті.
«Өйткені, бір жағынан адамдарға есеп-қисапты көру, екінші жағынан бюджетті жоспарлауға қатысу және өздерінің қандай да бір ұсыныстарын беру үшін ұсыну қажет. Өкінішке орай, бізде қоғамның қатысуы бойынша балл өте төмен. 100 баллдың 17-і баллы ғана. Дегенмен, бұл орташа әлемдік деңгейден біршама жоғары. Қазіргі уақытта әлемдік деңгей 14 баллды құрап отыр. Себебі, бүкіл әлемде бұл мәселеге енді ғана баса назар аударып жатыр», - деді Руслан Еңсебаев.