06 мау, 2022 сағат 17:25

Қазақстандықтардың бір бөлігі газды 20 пайыз жеңілдікпен алады


Мемлекет басшысының газ бағасын белгілеу моделін жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті тұтынушылардың жеке тоғызыншы тобын бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр Бұл санатқа «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар» кіреді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

"Бұл жұмысты ҚР ҰЭМ ТМРК қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырды.

Нәтижесінде, 1 сәуірден бастап пилоттық жоба аясында Тараз және Орал қалаларында жоғарыда аталған топтың азаматтары тауарлық газды 20% - ға төмендетілген бағамен алады, ал бұл 3 мыңнан астам тұтынушы. Бұл топтың тұтынушылары сәуір айындағы түбіртектерде газдың жаңа бағасын көре алды.

Сонымен қатар, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ақпараттық жүйелерін электрондық үкімет шлюзі арқылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы интеграциялау бойынша жұмыс жалғасуда" - делінген хабарламада.

1 шілдеден бастап «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алатын тұрмыстық тұтынушылар» санатына жататын тұтынушылардың елдің барлық газдандырылған өңірлерінде төмендетілген бағамен газ алу мүмкіндігі болады.

Газға төмендетілген бағаны алу үшін тұтынушы Egov.kz. порталындағы АӘК және тұрғын үй көмегін алушы ретіндегі өзінің мәртебесіне көз жеткізуі қажет.

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдар санаты алады (ҚР азаматтары, оралмандар, босқындар, шетелдіктер, ҚР тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар).