Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялауға қатысты жағдайды жіті қадағалап отыр. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтарымызды елге жеткізу үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді. Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің, елшіліктер қызметкерлерінің және Қазақстанның Украина мен Польшадағы құрметті консулдарының түрлі қиындықтарға қарамай, атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалайды", - делінген хабарламада.
ҚР Үкіметі Катовице (Польша) - Атырау - Алматы бағытындағы репатриация рейстерін ұйымдастыру мәселесін пысықтады. Сонымен қатар, қазақстандықтарды елге жеткізетін бірінші рейс бүгінге жоспарланғаны айтылды.
Берік Уәлидің айтуынша, қазақстандықтарды Украинадан алып келуге қатысты мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында.