2020 жылы жан басына шаққанда бір жылдың ішінде орташа 23 келі сиыр еті желінген. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы ұсынды.
«2020 жылы үй шаруашылықтарының тұтыну шығыстарындағы ең үлкен үлес алдыңғы жылдардағыдай ет және ет өнімдерін сатып алуға (19,2%) келеді. Сиыр еті көп сұранысқа ие, орташа жан басына шаққанда жылына 23,072 келі сиыр еті желінеді. Қой етін тұтыну бір адамға орта есеппен жылына 6,100, жылқы еті - 5,972, тауық еті - 4,624, шошқа еті - 3,356 келі мөлшерінде байқалды», - деп атап өтеді ведомстводан.
Ведомство мәліметінше, 2020 жылы орташа есеппен жан басына шаққанда ет пен ет өнімдерін тұтыну 7 келіні құрады. 2000 жылмен салыстырғанда ет пен ет өнімдерін тұтыну екі есеге жуық өсті. Сондай-ақ, жемістерді тұтыну - 5 есе, балық - 3 есе, жұмыртқа - 2 есе және тәтті өнімдер топтары (қант, джем, бал, шоколад, кондитерлік өнімдер) 2 есе артты.
«2020 жылы халық тұтынған тағам өнімдерінің энергетикалық құндылығы күніне орташа жан басына шаққанда 3425 ккалды құрады. Ауылдық жерлерде тұрғындардың тамақтануы (3437 ккал) қалаға қарағанда (3417 ккал) калориялығы бойынша айтарлықтай жоғары емес екенін атап өтуге болады. Тұтынылатын тағам өнімдерінің химиялық құрамында ең көп үлес көмірсуларға келеді - 51,9 пайыз, ал ақуыздардың үлесі 12,6, майлар - 35,5 пайыз», - деді Ұлттық статитика бюросынан.