08 қаз, 2019 сағат 07:17

Қазақстандықтар түрмеде отырған алаяқтарға 80 млн теңге аударған – елордада үкім шықты

Елордада түрмеде жазасын өтеп жатқан азамат қылмыстық топ құрып, қазақстандықтарға әлеуметтік баспанаға қол жеткізуге уәде еткен. Сот оны жаңа мерзімге кесіп, сыбайластарының бірі болған – әйелін бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елорда сотының ақпаратына сәйкес, азамат С. 2017 жылы алаяқтық жасап түрмеге түскен. Ол сол мекемеде жазасын өтеп жатқан өзге адамдармен бірге сөз байласып, қылмыстық топ құрған. Әрі бұл топқа бостандықтағы жұбайын тартқан.

Ол әйеліне «Кредитное товарищество «Жилсоцкредит» ЖШС атты серіктестік құрғызып, өзге сыбайластарының бірін әлгі серіктестікке құрылтайшы, тағы бірін азаматтарға компания қызметін түсіндіретін менеджер еткен.

«Компания заңды қызмет жүргізетініне сендіру үшін тұрғындардың әлеуметтік әлсіз буынына тиімді шарттармен несие беретін тартымды бағдарламалар әзірлеген. 2017 жылдан 2018 жылға дейін аталған тұлғалар Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі сенгіш азаматтарды жалған компанияға 124 560 теңге мөлшерінде жарна салуға көндірген, олармен түрлі сомаларда «депозитке» ақша салуға шарт жасасқан. Азаматтар алаяқтардың әлеуметтік несие бағдарламасына сеніп, ақша салған. Ал компания оларды ынталандыру үшін кейбіріне депозиттік салымдары бойынша аздап сыйақы беріп отырған», - делінген сот хабарламасында.

Алаяқтардың тұзағына ұзын-ырғасы 200-ден астам азамат ілініп, жалпы 80 миллион теңгеден астам қаржы құйған.

«Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы аудандық №2 сотының үкімімен азамат С. 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық істің қалған фигуранттары 6 жылдан 7 жылға дейін мерзімдерге кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді қалалық соттан.