20 мау, 2022 сағат 16:04

Қазақстандықтар табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайды - зерттеу


Қазақстан отбасылары табыстарының 50 пайызын азық-түлікке, оның ішінде 46 пайызын тамақ сатып алуға жұмсайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Finprom.kz порталының мәліметінше, елімізде үй шаруашылығындағы шығыстар бір жылдың ішінде 17 пайызға артып, ал кіріс тек 16 пайызға ғана көтерілген. 

Жыл ішінде Қазақстандағы үй шаруашылықтарының ақшалай кірістері 15,5 пайызға өсіп, осы жылдың 1-тоқсанында бір үй шаруашылығына шаққанда орташа есеппен 777,8 мың теңгені құрады. Ал үй шаруашылығына жұмсалатын шығын 17 пайызға ұлғайып, 754,6 мың теңгеге жетті. 

үй шаруашылығына жұмсалатын шығын кіріске қарағанда бір жылдың ішінде 95,8 пайыздан 97 пайызға дейін өсті. Яғни, кірістің 97 пайызы тұтынушылық шығыстарға, туған-туыстар мен таныстарға материалдық көмек көрсетуге, алимент, сонымен қатар салық және өзге де төлемдерге жұмсалған. 

Қазақстанның өңірлері арасында 2022 жылдың 1-тоқсанындағы ең жоғары шығыстар Алматы қаласының үй шаруашылықтарында (935,9 мың теңге) байқалады. Одан кейінгі орында Қызылорда (881 мың теңге) мен Қарағанды (862,3 мың теңге) тұр. 

Еліміздің үш өңірінде, атап айтқанда Түркістан (15 пайызға), Алматы (14,8) облыстары мен Алматы қаласында үй шаруашылығының шығыстары кірістен асып кеткен. 

2022 жылдың 1-тоқсанында үй шаруашылығындағы шығыстардың құрылымында тұтынушылық шығыстар 92 пайызды құрады: 693,2 мың теңге. Оның ішінде 377,4 мың теңге азық-түлік, 182,6 мың теңге азық-түлік емес тауарлар сатып алуға жұмсалып, 133,1 мың теңге ақылы қызметтерге шығындалды. Сонымен өзге шығыстар 25,5 пайызға артты. Бірақ, ораташ есеппен алғанда бір үй шаруашылығына 61,4 мың теңгені ғана құрады. 

Үй шаруашылығы шығыстарының басым бөлігі азық-түлік пен алкогольсыз сусындар сатып алуға жұмсалады: 349,2 мың теңге. Бұл барлық шығыстардың 46,3 пайызын және азық-түлік тауларларын алуға арналған шығыстардың 92,5 пайызына тең.