Жалпы, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлғаның жалпы қарызы 26,3 млрд теңге, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 21,8 млрд теңге, ал өсімпұл 4,5 млрд теңгені құраған болатын, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен.
Ведомствода атап өткендей, өсімпұлдарды есептен шығаруға арналған акцияның аяқталуына екі айдан аз уақыт қалды.
Ағымдағы жылдың 6 қарашадағы жағдай бойынша салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін 400 мыңға жуық жеке тұлға пайдаланды, олар 5,5 млрд теңге көлеміндегі берешектерін өтеп, 612,2 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды.
Алматы қаласы көлік салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығаруда көшбасшылардың қатарында. Оңтүстік мегаполистің тұрғыны 2,3 млн теңге қарызын төлеп, оған 1,6 млн теңгеге жуық өсімпұл кешірілді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғыны жер салығы бойынша 1,4 млн теңге мөлшерінде негізгі қарыз сомасын төлеген, осылайша ол 209 809 теңге сомасында өсімпұлдан босатылған.
Мүлік салығы бойынша өсімпұлдарды есептен шығару рейтингін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны бастап тұр. 260 мың теңгеден асқан өсімпұлдан құтылу үшін ол 515 586 теңге негізгі қарызды төледі.
МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады.
Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды.
Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.