Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық департтаменттерінде құрылған арнайы комиссиялар негізгі салық сомасын төлеген жеке тұлғаларға 2020 жылдың 27 тамызынан бастап өсімпұлдарды есептен шығаруға кіріскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, 2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша 720 419 жеке тұлға 10,2 млрд. теңге сомасында салықтың негізгі қарызын төледі. 1,2 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылды.
Салықтық рақымшылық үрдісі басталған кезде 1,5 млн жеке тұлғаның жалпы қарызы 24,6 млрд теңгені, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 20,3 млрд теңге, өсімпұл 4,3 млрд теңгені құрады.
МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады.
Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі - 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды.
«Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында сілтемесі бойынша, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады»,-делінген хабарламада.