Фото: Pexels.com
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, өрттің шығуы мен адам өлімінің негізгі себебі жылу жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі және тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбауы, деп хабарлайды Ult.kz.
Шыңғыс Әрінов жеке тұрғын үй секторы министрліктің бақылауына жатпайтынын айтады.
"Тек аула аралау кезінде ұсыныстармен ғана шектелетінімізді атап өткім келеді. Оған қоса, көп жағдайда халық үйлеріне бас сұқтырмай, кеңес алудан бас тартады. Соған қарамастан, азаматтарды өрт қауіпсіздігі шаралары туралы SMS-хабарламалар, үйлер мен мүлік иелерінің бірлестіктерінің чаттары арқылы хабардар етіп отырамыз", – дейді министр.
Министр статистика мәліметтерін ұсынып, өлімінің негізгі себептеріне жылыту жүйелерінің істен шығуын жатқызды.
"Атап айтқанда, пештерге қатысты, ол негізінен халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерге тиесілі. Көбінесе осы санатта балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себебінен, балалар өлімі орын алады. Осындай оқиғаның бірі, Жетіқара қаласында 11 қазанда болды, өрт салдарынан үйде қараусыз қалған бес бала қаза тапты. Аталған фактілерді ескере келе, әлеуметтік осал топтарды Министрлік өзінің ерекше бақылауында ұстауда", – дейді ол.
Фото: Үкімет
Бүгінде 100 мыңнан астам үй есепте тұр. Олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп өрт хабарлағышын орнату және мүмкіндігінше жылыту жүйелерін жөндеу, түтін мұржаларын тазалау түрінде атаулы көмек көрсетіледі.
"2021 жылдан бастап барлығы 107 мыңнан астам датчиктер орнатылды, олар адамға улы газдан болатын қауіп туралы алғашқы сатыларда ескертуге мүмкіндік береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркелді, соның арқасында 248 адамның өмірі аман қалды", - деп қосты ол.
Министр тұрмыстық газды дұрыс пайдаланбау да өрттің тағы бір себебі деп атады.
"Қазір халық заңды бұза отырып, газ баллондарын автожанармай құю стансаларынан толтырады, ал олардың басым бөлігі утилизацияға жатады. Біздің есебіміз бойынша 348 мың газбаллон ауыстыруды талап етеді", - дейді Шыңғыс Әрінов.
Айтуынша, осы орайда, әкімдіктердің жанындағы тұрғын үй комиссиялары тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің сақталуына бақылау жасауды күшейтуі қажет.
Олжас Бектенов осы мәселеге жауап ретінде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алуды және оларға газ датчиктерін тегін орнатуды тапсырды.
Фото: Үкімет
Олжас Бектенов профилактикалық іс-шараларды сапалы іске асыру және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажеттігіне назар аударды. Төтенше жағдайлар министрлігіне газ техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту жұмыстарын жүргізу, ал әкімдіктерге министрлікпен бірлесіп өрт қауіпсіздігі айлық шарасын ұйымдастыру тапсырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аудару керектігін тапсырды.
"Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына газ датчиктерін тегін орнату қажет. Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Аталған әкімдіктер датчиктер орнату бойынша жұмысты күшейтуі керек", - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-министр әкімдіктерге газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Одан әрі пайдалануға жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.
"Қазіргі уақытта тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет", — деді Олжас Бектенов.
Ол Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ Премьер-министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдар тарату мәселелерін пысықтауды тапсырды.