2020 жылдың бірінші тоқсанында әрбір қазақстандыққа орташа есеппен 21 келі еттен айналған. Бұл – 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 келіге артық, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанның республикалық ангус палатасы шаруалардың елдегі етке деген сұранысты қанағаттандыруға дайын екенін хабарлайды. Палата ұсынып отырған статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2020 жылдың қаңтар мен мамыр айларында 681,2 мың тонна қой мен құс еті сатылған. Бұл – 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,3 мың тоннаға артық. Аграршылар карантин уақытында да, ТЖ кезінде де елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір сәтке жұмысты тоқтатқан емес.
«Ет және ет өнімдері - қазақстандықтардың азық-түлік қоржынындағы маңызды ингредиенттердің бірі. Ең төменгі азық-түлік себет құнының 35%-ы ет пен балыққа жұмсалады. Қазақстандық фермерлер ішкі сұранысты толығымен қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар экспорттық нарыққа да шығуға дайын. Саланың экспорттық әлеуетін халықаралық сарапшылар мойындап отыр: Дүниежүзілік банк мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасын бәсекеге қабілетті сиыр етін өндіруді қолдау үшін Қазақстанда жүзеге асырғалы отыр», - делінген хабарламада.
Қазақстанның республикалық ангус палатасының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, Дүниежүзілік банктің бұл бағдарламасы ет өндірісін арттырып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтуда үлкен рөл атқарады.
«Қазақстандағы мал шаруашылығы тұрақты экономикалық өсімге ықпал етеді. Бүгінде елімізде 20 мың отбасылық шаруашылық бар. Ірі бордақылау алаңдарымен ынтымақтастық арқылы Ауыл шаруашылығы министрлігі 10 жыл ішінде оның санын 100 мыңға дейін арттыруға ниетті. Мал шаруашылығымен айналысатындар саны да 100-ден 600 мыңға дейін өсуі керек», - дейді палата басшысы.
Палатаның мәліметінше, сиыр етінің өндірісі жылына екі есе – 1 млн 100 мың тоннаға дейін артуы керек. Ал экспорт жыл сайын 2,4 млрд АҚШ долларын әкелуі тиіс.