2021 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден және жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 111,5 келі болатын 2 414 құйма сатып алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.
Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері жалпы салмағы 1,68 тонна 44 993 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалардың бес түрі ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы іске асырылғалы халық арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылымдағы оның үлесі 26% – 11 654 дана. Одан кейін 100 г. құйма - 10 572 дана (23%) және 20 грамм - 10 123 дана (22%), 5 грамм - 7 177 дана (16%), 50 грамм - 5 467 дана (12%).
Мәлім болғандай, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.
«Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jýsan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пунктерінде сатып алуға және сатуға болады», - деп нақтылады Ұлттық банктен.