28 мам, 2021 сағат 15:36

Қазақстандықтар қанша зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсады?


Елімізде 1,3 триллион теңге (шамамен 60%) зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚазАқпарат» ХАА алаңында өткізген бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестік туралы Open Space-те айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1,3 триллион теңге (шамамен 60%) зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды, оның 46%-ы (621 млрд.теңге) - ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға (толық өтеу), 25%-ы (336 млрд.теңге) ипотекалық несие бойынша қарызды жабуға (ішінара немесе толық), 14%-ы (194 млрд.теңге) жинақталған зейнетақы төлеміне, 6%-ы (75 млрд.теңге) «Отбасы» банктегі ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін, 3%-ы (40 млрд.теңге) бастапқы төлемды құрайды», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин. 

Департаменттің хабарлауынша, тіркелген сатып алу-сату мәмілелерінің саны (2021 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін 175 040) тұрғындар тарапынан сұраныстың артқанын көрсетеді. Алайда, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері құрылыс салушыда Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаса, тұрғын үйді құрылыс сатысында сатып алу мүмкіндігін жоққа шығарады.