Қазақстанда өткен жылы тыныс алу органдарының ауруларынан 21 мыңға жуық адам қайтыс болды, олардың 195-і - 1 жасқа дейінгі нәресте, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
2021 жылы анықталмаған жоғарғы тыныс алу жолдарының жедел инфекциясы - ең көп тіркелген ауру түрі болды. Бұл диагноз 1,2 миллион адамға қойылған. Одан кейін COVID-19: 870,8 мың адам жұқтырған, олардың 832,8 мыңы – идентификацияланған вирус.
Сонымен қатар, желшешек (16,4 мың адам зардап шекті) пен жіті ішек инфекцияларының тобына жататын сырқат (8,9 мың адам) түрлері күрт артты. Одан бөлек, 3,5 мың адамда АИТВ инфекциясы (адамның иммун тапшылығының вирусы), 4,6 мың адамда созылмалы вирустық гепатиттер, 2,3 мың адамда мерез анықталды. 18 жасқа дейінгілер анықталмаған жоғарғы тыныс алу жолдарының жедел инфекциясынан көп зардап шекті - 627,5 мың бала. 538 баладан туберкулез анықталды.
Тыныс алу органдарының ауруларынан 20,8 мың адам, жұқпалы және паразиттік аурулардан 1,4 мың адам қайтыс болды. Тыныс алу органдарының ауруларынан қайтыс болған балалар саны бір жылда 12,9% азайып, 195 болды. Ал жұқпалы және паразиттік аурулардан көз жұмған балалар саны 26,8% азайды - 180 бала.
COVID-19-ға келер болсақ, өңірлер арасында вирусты ең көп жұқтыру жағдайы Нұр-Сұлтанда тіркелген: 10 мың адамға 1118 жағдай. Одан кейін Алматы (10 мың адамға 824 жағдай) және Қарағанды (10 мың адамға 711 жағдай) облыстары тұр.