02 там, 2022 сағат 18:05

Қазақстандықтар дүкендер мен базарларға 6 триллион теңгеден аса қаржы жұмсаған

Фото: Әлихан Сариев, Tengrinews.kz

Қазақстандықтар бірінші жартыжылдықта дүкендер мен базарларға 6 триллион теңгеден аса қаржы жұмсаған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 6,1 триллион теңгеге жеткен, былтырға қарағанда, бұл 13,8 пайызға артық. Сауда көлемінің өсімі 1,2 пайыз болған.

Азық-түлік тауарын бөлшек сату 1 жылда 7,9 пайызға, 2 триллион теңгеге дейін, ал азық-түлік емес тауарды сату 17 пайызға, 4,1 триллион теңгеге дейін артқан. Сауда кәсіпорындары мен ұйымдары тауарларды 4,3 триллион теңгеге, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде базарларда сауда жасайтындар 1,8 триллион теңгеге сатқан.

2021 жылы бөлшек сауда көлемі 5,3 триллион теңге болған, ал бұл 2020 жылға қарағанда 15,9 пайызға артық.

Өңірлер арасында бөлшек саудадағы тауарлардың басым бөлігі Алматыда сатылған. Қаржы бойынша сауда көлемі бір жыл ішінде 10,7 пайызға, яғни 1,9 триллион теңгеге дейін артқан.

2-орында елорда тұр: 711,2 миллиард теңге, оған қоса жылына 16,8 пайыз. Көшбасшылар үштігіне Қарағанды облысы да кірген, онда 506,7 миллиард теңге және жылына 5,5 пайыз.

Ең аз көлемі жаңадан құрылған Ұлытау облысында тіркелген: бар болғаны - 39 миллиард теңге. Одан кейін Жетісу және Түркістан облыстары тұр.