13 сәу, 2021 сағат 09:47

Қазақстандықтар бір айда 3 мыңға жуық алтын құйма сатып алған

Наурызда қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 48,2 килограмм 2 898 құйма сатып алды.

Ал алтын құймалардың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Соның ішінде 10 граммдық құйма ең көп сұранысқа ие болған, деп хабарлады ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Оның жалпы сатылымдағы үлесі – 15 184 дана (30%). Одан кейін 20 грамдық құйма – 10 976 дана (22%) және 100 грамдық құйма – 10 964 дана (22%), 5 грамдық құйма – 7 305 дана (15%), 50 грамдық құйма – 5 771 дана (11%) көрсеткішіне ие. Негізінен өлшемелі құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында жоғары сұранысқа ие.

Алтын құймаларды не үшін сатып алады?

Ұлттық банк дерегінше, алтын құймалар инвестициялаудың сенімді құралы бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің құймаларды дәл сол күні сатып алу мүмкіндігі алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып отыр.

"Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың тегіс беті, микромәтін және бүйір тұсының бедерлі болуы), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болатын арнайы қаптамамен шығарылады. Бұл да сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда қаптаманы ашпаған жөн", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, Банк ЦентрКредит қаржы мекемелерінде, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға немесе сатуға болады.

Айта кетейік, ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері жалпы салмағы 1,79 тонна құрайтын 50,2 алтын құйма сатылды.

Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 3,75 килограмм болатын 141 өлшемелі алтын құймасы сатып алынды. Ұлттық банк мәліметі бойынша, бұл алтын құймалардың инвестициялау мен жинақтаудың ұзақ мерзімді құралы болуына байланысты.