18 нау, 2021 сағат 12:52

Қазақстандықтар банк картасы арқылы 35,3 трлн теңгенің операциясын жасаған

2020 жылы банк картасы арқылы жасалған аударымдардың 81% интернет төлемдер мен мобильді банкингке түскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы банк карточкаларын пайдаланатын қазақстандықтар 35,3 трлн теңгені құрайтын 3 миллиардқа жуық қолма-қол ақшасыз операция жасаған. Оның 81% онлайн-транзакцияларға тиесілі болған. 

Ұлттық банктің мәліметіне сүйене отырып таратқан мәліметтің мәнін Қаржы министрлігі былайша түсіндіреді.

«Мұндай өсімнің негізгі себебі – карантиндік шектеулер. Қолма-қол ақшамен жасалмайтын транзакциялардың жалпы санындағы онлайн-транзакциялардың үлесі 2020 жылдың соңында 66% құрады. Ал 2020 жылдың басында ол тек 46% болған еді. 2020 жылдың соңында мобильді және интернет-банкингті белсенді қолданушылар саны 82% көбейіп, 14 миллионды құрады. Жалпы, бұл қызметтерді қолданушылар саны бір жыл ішінде 46% өсті», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.