Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова халық азық-түлік тауарларына көп қаражат жұмсай бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін біз өткен жылғы бюджеттің орындалуы туралы есепті тыңдап жатырмыз. Бірақ осы жарты жылдың ішінде не өзгерді? Бір жағынан, өткен жылы экономиканың көптен күткен өсімі болғанын айтамыз. Екінші жағынан, осы жарты жылдың ішінде өте күрделі жағдайлар өтіп жатыр. Бізде де, әлемде де сол. Сол себепті, қазір мен заңбұзушылықтарды талқыламас бұрын жүйелі мәселелерге тоқтайын», - деді Наталья Годунова Парламент Сенатында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті баяндау кезінде.
Есеп комитетінің басшысы Президент мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен бюджет қаражатын пайдалануға қатысты жауапкершілік пен есептілікті қатаңдату керектігін тапсырғанын еске салды.
«Депутаттардың арқасында мұндай жауапкершілік Бюджет кодексі мен Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекске енгізілді. Ал 2019 жылдың республикалық бюджеті қандай нәтижемен игерілді? Біріншіден Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі макроэкономикалық тұрақтылығы 60-шы орынға дейін көтеріліп, позициясын жақсарта түсті. Әйтсе де, мұнайға тәуелділікті төмендету тенденциясына қол жеткізілген жоқ. Кейінгі он жылдың ішінде өңдеу секторының үлесі 11 пайыздан аспай тұр. Экспорт құрылымында минералды өнімдердің үлесі 70 пайыздан асып кетті», - деді ол.
Наталья Годунова азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де тоқталды.
«Халықтың шынайы табысы 5,5 пайызға өсті. Алайда, азық-түлік тауарларына халықтың шығаратын шығыны 50 пайызға дейін жетті. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10 пайыз көлемінде. Тіпті Ресе ймен Беларусьте бұл көрсеткіш шығынның үштен біріне (28 пайыз және 32 пайыз) тең. Бұл нені білдіреді? Халық табысының жартысы «желініп», тұрғындарда өз жинағының көлемін арттыруға мүмкіндік жоқ деген сөз», - деді ол.