Қазақстандықтар көліктерге арналған әдемі нөмірлерге көп ақша жұмсай бастады. 2021 жылы 9 ай ішінде 4,4 млрд теңгеге VIP нөмірлер сатылды. Бұл ақпаратты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жыл басынан бері "Азаматтарға арналған үкіметтің" арнайы бағалары арқылы 4 миллиард 385 миллион теңге сомасына жоғары сұранысқа ие 15 320 мемлекеттік нөмір ресімделді. Жоғары сұранысқа ие нөмірлік белгілерді алматылықтар - 5 053, шымкенттіктер - 2 371 және астаналықтар 1 757 ресімдеді", - деді мемлекеттік корпорацияда.
VIP нөмірлерге Солтүстік Қазақстан облысында қызығушылық аз. СҚО-нан жыл басынан бері барлығы 129 нөмір ғана сатып алынды.