27 мау, 2022 сағат 15:25

Қазақстандықтар 24,3 млрд теңге салық төлемеген


Елімізде жеке тұлғалардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 919 мың салық төлеуші бойынша 24,3 млрд.теңгені құрады, оның ішінде берешектің негізгі сомасы, яғни 22,8 млрд. теңге - көлік құралдары салығына тиесілі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Олардың ішінде көлік құралдары салығы бойынша салық міндеттемелерінен жалтарған автокөлік иелерінің ең көп бөлігі келесі өңірлерде тіркелген:

​Алматы қаласында 88 мың борышкер бойынша берешек 5,2 млрд. теңгені құрайды;

Алматы облысында 132 мың борышкер бойынша берешек 3,9 млрд. теңгені құрайды;

Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тиісінше 2,6 млрд. теңге және 1,9 млрд. теңге берешегі жиналған 76 мың борышкер бар.

Комитет 2021 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылдың 1 сәуірінде аяқталғанын еске салды. 17 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын жолдау басталды.

"Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Өз кезегінде, жеке сот орындаушылары "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар.

Егер қарыз 40 АЕК-тен асса, азаматқа елден шығуға тыйым салынуы мүмкін. ҚР шығуға тыйым салу туралы ақпаратты сілтеме арқылы білуге болады" делінген хабарламада.