Ұлттық банкі 12 маусымнан бастап 2006 жылы және одан кейін шыққан банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енгенін еске салады. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар жалпы мөлшері 163 млн теңгеге 66 403 банкнот айырбастап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Банкноттарды ауыстыруға қатысты өтініштің басым бөлігі Алматы (16,6%), Нұр-Сұлтан (9,7%) қаласы мен Қарағанды облысы (8,8%) тұрғындарынан түсті. Айырбастауға қабылданған ақшаның басым бөлігі – номиналы 500 теңгелік банкнот (47,1%).
Айта кетейік, айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500, 1000, 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттарды шекті мерзіміне қарамастан Қазақстан Ұлттық банкінің аумақтық филиалдарында айырбастауға болады.
Жаңа банкнот шыққан жағдайда ескі үлгісі 12 ай бойы қолданыста қатар жүреді. Бір жыл бойы ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болып саналады және олар барлық төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті.
Қандай да бір банкнот айналымнан шыққан жағдайда 3 жыл ішінде оны ҚҰБ филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктер бөлімшесінен немесе «Қазпоштадан» айырбастап алуға болады. Айналымнан шығарылған банкноттар 3 жыл өткен соң да Ұлттық банк филиалдарында мерзімсіз айырбастала береді.