14 жел, 2021 сағат 21:09

Қазақстандық зілтемірші әлем чемпионатының кіші күміс медалін жеңіп алды


Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында кіші күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Антропов серпе көтеруде 221 келіні еңсеріп, екінші нәтиже көрсетті. Бұл жаттығуда катарлық спортшы Фарес Элбах 222 келі нәтижесімен бірінші орын алды. Осылайша, қазақстандық атлет кіші күміс жүлдеге ие болды. 

Қоссайыс нәтижесі бойынша Артем Антропов 385 келіні көтеріп (жұлқа көтеруде – 164 кг), төртінші орынға тұрақтады.

«Алтын» жүлдені Колумбиядан келген Лесман Паредес Монтано (400 кг), «күмісті» катарлық Фарес Элбах (394 кг), ал «қоланы» венесуэлалық Кейдомар Вальенилья (391 кг) иеленді.