20 қаз, 2022 сағат 19:05

Шенеуніктер казиноға 507 миллион теңге жұмсаған. Прокуратура тексеріс жүргізді


Алматы облысының прокуратурасы тексеру жүргізіп, 305 қазақстандық шенеунік ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын анықтады. Тексеру қорытындысы құзырлы органдарға тапсырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Тексеру нәтижесі туралы құжатты журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялады. Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі құжаттың шынайылығын растады.

"Иә, растаймыз. Біз бұл тексеруді жүргізіп, тізімдегі барлық мемлекеттік органдарға шара қолдануға жібердік", - деді прокуратура өкілдері.

Құжатта прокурорлар ойынханалар мен ойын автоматтары залдарының қызметін тексеріп, мемлекеттік қызмет барысында мекемелерге келген 305 мемлекеттік қызметкерді анықтағаны айтылған. Олар құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсаған.

Анықталған мемлекеттік қызметшілер арасында:

  • Ішкі істер министрлігі - 97;
  • Қорғаныс министрлігі - 95;
  • Қаржы министрлігі - 25;
  • Жоғарғы Сот - 7;
  • Қаржы мониторингі органдары - 15;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары - 3;
  • әкімдіктер - 36;
  • басқа да мемлекеттік органдар - 27.

Прокурорлар мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға жұмсаған ақшасының шығу тегін тексеруге шақырды.

"Осы мән-жайлар мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуін көрсетеді", - деді прокуратура өкілдері.