15 нау, 2022 сағат 14:45

Қазақстандық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары 2 млн теңгеден астам сыйақы алды - БҒМ


Қазақстандық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары университет гранты мен 2 млн теңгеден астам сыйақылармен марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Сәтбаев Университетінде 7–11 сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында «TECHNO CUP VI!» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Оған іріктеу кезеңінен өткен 400 пікірсайысшы қатысты, олардың арасында еліміздің әр өңірінен және республикалық маңызы бар қалалардан келген 128 мектеп оқушылары бар. 

Турнирдің қорытындысы бойынша Мектеп лигасында Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Әлішер Қуаныш пен Ақылжан Итеғұлов жеңімпаз атанды. Олар Сәтбаев Университетінің білім грантын ұтып алды. Әлішер қазір 10-шы сыныпта, Ақылжан 11-шы сыныпта оқиды.

«Біз мектептегі пікірсайыс үйірмесіне екі жылдан артық қатысамыз. Пікірсайыс жарыстары бізге ұнайды, өйткені онда шешендік өнерді, шеберлікті шыңдайсың, халық алдында сөйлеуді, сыни тұрғыдан ойлауды үйренесің, сонымен қатар ой өрісің мен эрудиция дағдыларыңды дамытасың. Пікірсайыс турнирінің жеңімпазы атанып, Сәтбаев Университетінің білім грантын жеңіп алғаныма өте қуаныштымын», – деді Ақылжан Итеғұлов.

Қазақ және орыс лигаларының жеңімпаздары, сондай-ақ турнирдің үздік спикерлері жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлық алды. Сондай-ақ «Үздік төреші» номинациясының иегері анықталды, аталған номинация бойынша ХАTИ-ның студенті Ульяна Вилемсон жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, турнир америкалық, британдық парламенттік пікірсайыс форматтарының ережелері және Линкольн-Дуглас ережелері бойынша өтті. Финалдық ойынның қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Патриот» пікірсайыс клубы үздік делегация атанды.