12 жел, 2021 сағат 19:51

Қазақстандық паратаеквондошы әлем чемпионы атанды


Қазақстандық паратаеквондошы Мәлік Мұқашев Ыстанбұлда мәреге жеткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бапкері Ербол Мерғалиевтің айтуынша, Мәлік Мұқашев 80 кг салмақта алдымен түрік спортшысын ұтты. 

Финалда ресейлік паратаеквондошымен шығып, екі секунд қалғанда, қарсыласын 41:39 есебімен жеңді. 

Мәлік бұған дейін әлем біріншілігінде жеті жылдан бері бақ сынап, үздік нәтижесі – бесінші орынмен шектелген еді. Биыл Мәлік Мұқашев Азия, Еуропа біріншілігі, Қазақстан спартакиадасы, енді, міне, әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, төрт алтын медальді жеңіп алып отыр.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Мәлік Мұқашев 1986 жылы Орал қаласында дүниеге келген.

Теректі ауданы Подстепный ауылында орта мектепте білім алған. 1998 жылы Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласына қоныс аударған. 2000 жылы ток соғып, қатты күйік алып, екі қолынан айырылған. Ақсайдағы №3 орта мектепті, сосын 2006 жылы Орал қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде жоғары білім алып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанды.

2014 жылдан бастап таеквандо жаттықтырушысы Ербол Мерғалиевтің қоластында жаттығып келеді. Сол жылы паратаеквандодан Еуропа ашық чемпионатында қола жүлдеге ие болды. 2016-2018 жылдары Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері атанды. 2019 жылы Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді.

Биыл Ливан астанасы Бейрут қаласында өткен VI Азия чемпионатында үздік шыққан БҚО мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының спортшысы, бөрлілік Мәлік Мұқашевқа тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында паратаеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.