14 қыр, 2021 сағат 13:35

Қазақстандық өнім: AliBaba алаңында ұлттық сауда павильоны ашылады


Отандық «QazTrade» ұлттық сауда операторы әлемдік деңгейдегі ірі электрондық сауда алаңдарының бірі - AliBaba-мен келісімшарт жасады. Соның аясында аталған электронды сауда алаңында отандық тауарлардың павильоны ашылмақ. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты дамыту департаментінің директоры Өмірбек Баштай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл тамыз айында «QazTrade» ұлттық институты AliBaba-мен келісімшартқа қол қойды. Жыл соңына дейін біздің министрлік AliBaba-мен бірлесіп ұлттық виртуалды павильон ашуды жоспарлап отыр. Ол жерде (kazakhstan.alibaba.com) қазақстандық тауарлар сатылымға шығады. Бұл - қазақстандық тауарларды онлайн сатуға мүмкіндік беретін бөлек электронды сауда алаңы. Аталған платформа арқылы қандай отандық өнімдердің саудаға қойылғанын көруге және сатып алуға болады. Жалпы отандық өнімдерді электронды сауда алаңдарына шығару бойынша экспорттық келісімшарт 62,7 млн АҚШ долларын құрады. Электронды сауда экспорты бағадарламасына негізінен еліміздің шағын және орта бизнесі қатысып жатыр», - деді Өмірбек Баштай.