Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Қырғыз Республикасының Ана мен баланы қорғау, Онкология және гематология ұлттық орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» баспасөз қызметінің мәліметінше, меморандум аясында екі ел арасында медициналық көмек көрсетуді арттыру, медициналық туризмді дамыту, медицина қызметкерлер мен дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру және басқа да салалар бойынша екіжақты әріптестік орнатылмақ. Шара барысында сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстан медициналық ұйымдары арасында 10 меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, бүгін Қырғыз Республикасында Қазақстанның медицина күндері басталды. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 100-ден астам делегат қатысуда.
Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары қарсаңында өтуде.
Қырғызстандағы қазақстандық медицина күндері – бұл Қазақстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жолында тәжірибе мен біліммен, инновациялар мен технологиялармен алмасуға бағытталған іс-шара.
Сапар барысында қазақстандық мамандар медициналық ұйымдарда азаматтарға тегін кеңес беруді ұйымдастыруды жоспарлауда.
Сондай-ақ, іс-шара аясында Қазақстанның озық медициналық ұйымдарының қатысуымен медициналық көрме өтеді.