11 қаң, 2022 сағат 17:14

Қазақстандық қос жасөспірім теннисші алғаш рет Аустралия ашық чемпионатында ойнайды


Қазақстандықтар, Team Kazakhstan академиясының тәрбиеленушілері Аружан Сағындықова мен Максим Батютенко Аустралия ашық чемпионатының жасөспірімдер турнирінде ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осылайша ел теннисі тарихында алғаш рет қос қазақстандық жасөспірім «Үлкен дулыға» додасында сынға түспекші.

Аружан жарысты негізгі кезеңнен бастайды. Максим іріктеу сайыстарында бақ сынайды.

А.Сағындықова мен М.Батютенко – Қазақстанның 18 жасқа дейінгілер арасындағы бірінші ракеткалары.

Теміртаулық, 16 жастағы М.Батютенко осыған дейін ITF сериясымен төрт турнирде (екеуі жекелей, тағы екеуі жұптық сында) жеңімпаз атанды. Ал 17 жастағы Аружан алты рет осындай титулға (үшеуі жекелей, үшеуі жұптық сында) қол жеткізді.