Қазақстандық азамат медициналық порталға өзінің коронавирус жұқтырғаны туралы жалған ақпарат көрсеткен. Бұл туралы Хабар24 арнасында өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін 124 адам жауапқа тартылды. Заңсыз жоғары бағада сатылып жатқан 40 мың маска мен 2 мың литрден астам антисептик анықталды», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Министр бұл ретте тәртіп бұзғандар арасындағы бір азаматтың әрекетіне тоқталып өтті.
«Азамат ДамуМед порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп көрсеткен. Бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ол адамнан ешбір ауру белгісін таппаған. Кейіннен анықталғандай, ол азамат жүйенің, дәрігерлердің жұмысын тексергісі келіпті. Әйтпесе, еш жері ауырмаған, шетелге шықпаған, ауырған адамдармен байланыста болмаған. Дәрігерлеріміз онсыз да, ұйықтамай, үйлеріне қайтпай, бар жанын салып жұмыс істеуде. Олардың әр минуты бағалы. Әр секунды санаулы», - дейді ол.