ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев әлемдік аренада табысты жұмыс істеп жатқан қазақстандық компанияларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Машина жасау саласын дамытуды жол картасы аясында өндіріс көлемі 5 есе өсіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 трлн теңгеге жетті. Салаға тартылған инвестициялар 3 есеге өсіп, 63 млрд теңге болды. 2021 жылдың 7 айында нақты көлем индексі 123% - ға жетті. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау секторы 3 есе, темір жол машиналарын жасау 45% және автомобиль жасау 35% өсім көрсетті. Бұл – ең жоғары көрсеткіштер», - деді ол Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында.
Марат Қарабаевтың айтуына қарағанда, салада экспорт айтарлықтай өсім көрсетіп, 642 млн доллардың өнімі сыртқа сатылған.
«Экспортталатын машина жасау өнімдерінің номенклатурасы кеңейтілді және қазір біздің кәсіпорындар дәстүрлі өткізу нарықтарынан басқа Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан және Қытай сияқты елдерге экспорттайды.
Жаһандық қосымша құн жасау тізбегіне табысты кірігудің жарқын мысалы ретінде «Силумин-Восток» ЖШС-нің франциялық «Шнайдер электрик» компаниясымен бірлесіп электр тарату аппаратурасын өндіруді қолға алғанын айтуға болады. Өскемен титан-магний комбинаты кореялық «ПОСКО» кәсіпорнымен бірлесіп титан құймалар мен бұйымдарын «Эйрбас», «Роллс Ройс» компанияларына экспорттауда. Алматыдағы желдеткіш шығаратын зауытын кореялық LG трансұлттық корпорациясына өнім дайындап отыр», - деді вице-министр.