16 ақп, 2021 сағат 11:42

Қазақстандық экспорттаушылар былтыр жоспарлаған көлемнен 7 млн тонна аз мұнай жөнелтті

«Каспий Құбыр желісі Консорциумы-К» АҚ бас директоры Николай Горбань Қазақстаннан қанша көлемде мұнай экспортталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Каспий Құбыр желісі Консорциумы Батыс Қазақстаннан мұнайды Қара теңіздегі теңіз терминалы арқылы әлемдік нарықтарға жеткізетін негізгі экспорттық құбыр. Ол Қазақстаннан мұнай экспортын ұйымдастыру жүйесінде маңызды стратегиялық позицияға ие. Каспий құбыр консорциумы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен Батыс Қазақстан кен орындары мен Каспий теңізінде орналасқан бірқатар ресейлік кеніштерден мұнай тасымалдау үшін құрылған», - деді Николай Горбан Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырымды құрайды. 15 мұнай айдау стансасынан, сондай-ақ Қара теңіз жағалауындағы қашықтықтан айлақ құралдары бар теңіз терминалынан тұрады. 

«Жоба Қазақстан мен Ресейдегі жоғары мемлекеттік деңгейде қалтқысыз қолдауға ие болды. Ал 1996 жылы акционерлер келісімге қол қойды. Қазақстанда Теңіз, Қарашығанақ және тағы басқа кен орындарын өңдейтін, сондай-ақ жұмыс істейтін ірі мұнай өндіруші компаниялардың барлығы дерлік акционерлер қатарына кіреді. 2020 жылдың соңында консорциумның теңіз терминалында 59 миллион тоннадан астам мұнай қабылданып, жөнелтілді. Оның 51,7 миллион тоннасы қазақстандық жүк жөнелтушілердің үлесінде. Өкінішке қарай, бұл жоспардан шамамен 7 миллионға тоннаға аз. Яғни біз жоспардың 89,8%-ын ғана орындадық, 572 танкер жөнелттік», - деді спикер.