ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов өз қызметкерлерін отандық киім-кешекті алуға үндеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің дипломаттар жыл сайын киім-кешекке арналған ақшаны алып отырады. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап ол ақша тағы беріле бастайды. Оған костюм, көйлек, аяқ-киім және тағы басқа қажетті заттарды алу қажет. Енді, сыртта жүргенде дипломаттардың үстіндегі киім-кешек те дұрыс болуы керек қой. Келесі жылдан бастап менің барлық қызметкерлерім дүкенге барып, «Made in Kazakstan» деген жазуы бар киім алса екен деймін», - деді Қ.Әбдіраxманов «Protecting business and investments» жобасының қорытындысына арналған жиында.
Министрдің айтуынша, дипломаттарға ер адамға арналған 200 костюм, әйел адамға арналған 200 костюм, бұдан бөлек, 400 көйлек, 500 галстук тігіп бере алатын отандық кәсіпорын болса, сыртқы істер ведомствосы аталған кәсіпкерлік нысанмен жұмыс істеуге дайын.
«Осы бастаманы науқаншылыққа айналдырмай-ақ қояйық. Бәрін өз жерімізде алуымыз қажет. Мейлі, басқа елдің өнімі болса да, оны тек Қазақстанда ғана сатып аламыз. Бірақ бірден ескертіп қояйын, бізді алдау қиын. Өйткені шетелде жиі жүреміз және ол жақтағы бағаларды жақсы білеміз. Әйтпесе, бағасын «1 миллион теңге» деп жазып қояды да, 50 проценттік жеңілдікпен сатады. Сонда бізге 500 мыңға беріп жатады. Ал шетелде оның бағасы әлдеқайда төмен. Олай болмасын», - деп атап көрсетті Қ.Әбдіраxманов.